Жүктелуде......

Регламент Астана қаласының Төрелік соты

Астана қаласының Төрелік соты төрағасының
05.01.2026 ж. шешімімен бекітілген

 

МАЗМҰНЫ

 

1-бөлім. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Регламентте пайдаланылатын негізгі ұғымдар

2-бап. Төрелік соттың мәртебесі

3-бап. Төрелік соттың құзыреті

4-бап. Осы Регламентке сілтеме жасау құқығынан бас тарту

5-бап. Төрелік соттың қағидаттары

6-бап. Қолданылатын құқық

7-бап. Тараптардың құпиялылығы

8-бап. Тараптардың құқықтары

 

2-бөлім. Төрелік талқылауды ұйымдастыру

9-бап. Тараптар ұсынатын құжаттар

10-бап. Төрелік талқылаудың тілі

11-бап. Төрелік талқылаудың мерзімдері

12-бап. Төрелік шығыстар мен алымдар

13-бап. Төрелік соттың орналасқан жері

14-бап. Тараптарды хабардар ету

 

3-бөлім. Төрелік соттың құрамы

15-бап. Төрелік соттың құрамы және оны қалыптастыру тәртібі

16-бап. Төрешілерді сайлау (тағайындау) және ауыстыру мерзімдері мен тәртібі

17-бап. Төрелік рәсімдер

18-бап. Төрешілердің бейтараптығы мен тәуелсіздігі

19-бап. Төрешіні шеттету, өкілеттігін тоқтату және ауыстыру

20-бап. Төрелік соттың хатшылығы

 

4-бөлім. Төрелік талқылауды бастау

21-бап. Талап арызды қабылдау

22-бап. Төрелік талқылаудың нысаны

23-бап. Төрелік талқылауды қозғау

24-бап. Талап арызды қайтару

25-бап. Қарсы талап қою және қарсы талаптарды есепке алу

 

5-бөлім. Дауларды қарау тәртібі

26-бап. Талап қою талаптарын немесе қарсылықтарды өзгерту

27-бап. Тараптардың процестік құқықтары мен міндеттері

28-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету шаралары

29-бап. Дәлелдемелер

30-бап. Сараптама тағайындау

31-бап. Тараптың болмауында істі қарау және құжаттарды ұсынбау

32-бап. Тыңдауды кейінге қалдыру және талқылауды тоқтата тұру

33-бап. Іс бойынша тыңдауларды аяқтау

34-бап. Іс бойынша отырыс хаттамасы

 

6-бөлім. Төрелік талқылауды тоқтату

35-бап. Төреліктің шешімінің түпкіліктілігі мен міндеттілігі

36-бап. Шешімді қабылдау және оның мазмұны

37-бап. Шешімді жариялау

38-бап. Шешімді түзету және түсіндіру

39-бап. Іс жүргізуді тоқтату және тоқтата тұру

40-бап. Іс жүргізуді қайта бастау

41-бап. Төрелік шешімге шағым жасау

 

7-бөлім. Төрелік сот шешімін орындау

42-бап. Төрелік сот шешімін орындау

43-бап. Төрелік шешімді танудан және (немесе) орындауға келтіруден бас тарту негіздері

44-бап. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындауға байланысты шығыстарды өндіріп алу

45-бап. Төрелік сотта істерді сақтау

 

8-бөлім. Қорытынды ережелер

46-бап. Төрелік шешімді жарамсыз деп тану

 

1-бөлім. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Регламентте пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Регламентте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) Қазақстан Республикасының жария тәртібі – Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде бекітілген құқық тәртібінің негіздері;

2) сот – Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес бірінші саты бойынша азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар туралы істерді қарауға уәкілетті Қазақстан Республикасының сот жүйесінің соты;

3) Астана қаласының Төрелік соты – тұрақты жұмыс істейтін төрелік;

4) төрелік келісім – азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған немесе туындауы мүмкін дауды төрелікте қарауға беру туралы тараптардың жазбаша келісімі;

5) төрелік регламенті – тұрақты жұмыс істейтін төреліктің қызметін ұйымдастыру тәртібі және төрелік талқылау қағидалары;

6) төрелік талқылау – төрелікте дауды қарау процесі;

7) төрелік талқылаудың тараптары (бұдан әрі – тараптар) – араларында төрелік келісім жасалған талап қоюшы мен жауапкер;

8) төрелік шешім – төрелік шығарған шешім;

9) төреші – дауды шешу үшін тараптар сайлаған немесе «Төрелік туралы» Заңға және (немесе) тиісті төреліктің регламентіне сәйкес тағайындалған жеке тұлға;

10) төрешілер тізілімі – тараптар дауды қарау үшін төрелік құрамды сайлайтын (не Төрелік тағайындайтын) төрешілердің тізімі. Әдетте төрешілердің арнайы білімі мен жұмыс тәжірибесі болуы тиіс;

11) іскерлік айналым әдет-ғұрыптары – қандай да бір құжатта тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан қолданылатын құқыққа қайшы келмейтін, азаматтық-құқықтық шарттар саласында қалыптасқан және кеңінен қолданылатын мінез-құлық қағидалары.

 

2-бап. Астана қаласының Төрелік сотының мәртебесі

1. Астана қаласының Төрелік соты (бұдан әрі мәтін бойынша – АҚТС) Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Регламентке және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес құрылған және әрекет ететін тәуелсіз, тұрақты жұмыс істейтін төрелік болып табылады.

 

3-бап. Төрелік соттың құзыреті

1. АҚТС-қа тараптардың келісімі бойынша жеке (оның ішінде дара кәсіпкерлер) және (немесе) заңды тұлғалар арасындағы азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған, олардың Қазақстан Республикасының аумағында немесе одан тыс жердегі тұрғылықты жеріне не орналасқан жеріне қарамастан даулар берілуі мүмкін.

2. АҚТС дауларды жазбаша төрелік келісім болған кезде қарайды.

3. Егер төрелік келісім тараптар қол қойған құжаттағы төрелік ескерту түрінде болса не хаттар, жеделхаттар, телефонограммалар, факстер, электрондық құжаттар немесе субъектілерді және олардың ерік білдіруінің мазмұнын айқындайтын өзге де құжаттар алмасу арқылы жасалса, ол жазбаша нысанда жасалған болып есептеледі. Мұндай келісім өзі құрамдас бөлігі болып табылатын шарттың жарамдылығына қарамастан заңды күшіне ие болып танылады.

4. Тараптардың дауды АҚТС-қа қарауға (шешуге) беру туралы келісім жасасуы тараптардың талап арыз берілген сәтте және төрелік талқылау басталғанға дейін қолданыста болған осы Регламентпен, оған енгізілген барлық толықтырулар мен өзгерістермен келісетінін білдіреді.

5. Егер талап қоюшы АҚТС-қа талап арыз берсе, ал жауапкер талап арызға осы дауды АҚТС-та қарауға қарсылық білдірмейтін пікір ұсынса, дауды АҚТС-қа беру туралы келісім жазбаша нысанда жасалған болып есептеледі.

6. Төрелік құрамы өзіне берілген дауды қарауға өкілеттігінің (юрисдикциясының) бар-жоқтығы туралы мәселені дербес шешеді, оның ішінде тараптардың бірі төрелік келісімнің жарамсыздығы себепті төрелік талқылауға қарсылық білдірген жағдайларда да.

7. Егер төрелік құрамы өзінің құзыреті туралы мәселені қарау кезінде төреліктің дауды қарауға өкілеттігі жоқ екендігі туралы ұйғарым шығарса, мұндай жағдайда төрелік дауды мәні бойынша қарай алмайды.

8. Талаптары тараптардың біреуі формулярларда немесе өзге стандартты нысандарда айқындаған және екінші тарап ұсынылған шартқа тұтастай қосылу арқылы ғана қабылдай алатын шарт (қосылу шарты), сондай-ақ коммерциялық ұйым мен дара кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлға арасындағы қарыз шарты бойынша дауды шешу туралы төрелік келісім, егер мұндай келісім талап қоюға негіздер туындағаннан кейін жасалса, жарамды болып табылады.

9. Егер тараптар өзгеше келіспесе, дауды тұрақты жұмыс істейтін төрелікке беру кезінде оның регламенті төрелік келісімнің ажырамас бөлігі ретінде қаралады.

10. Кәмелетке толмағандардың, заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдардың мүдделері қозғалатын даулар, оңалту және банкроттық туралы даулар, табиғи монополия субъектілері мен олардың тұтынушылары арасындағы даулар, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы даулар төреліктің қарауына жатпайды.

11. Төрелік мүлікке байланысты емес жеке мүліктік емес қатынастардан туындайтын дауларды қарауға құқылы емес.

12. Төрелік Қазақстан Республикасының жеке және (немесе) заңды тұлғалары мен мемлекеттік органдар, мемлекеттік кәсіпорындар, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар арасындағы дауларды тиісті саланың уәкілетті органының (республикалық мүлікке қатысты) немесе жергілікті атқарушы органның (коммуналдық мүлікке қатысты) келісімі болмаған жағдайда қарауға құқылы емес.

Мемлекеттік органдар, мемлекеттік кәсіпорындар, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар төрелік келісім жасасуға ниет білдірген жағдайда, төрелік талқылауға жұмсалатын шығыстардың болжамды сомаларын көрсете отырып, тиісті саланың уәкілетті органына (республикалық мүлікке қатысты) немесе жергілікті атқарушы органға (коммуналдық мүлікке қатысты) келісім беру туралы сұрау салу жіберуге міндетті. Тиісті орган күнтізбелік он бес күн ішінде сұрау салуды қарап, кері қайтарып алынбайтын келісім беру немесе келісім беруден уәжді бас тарту туралы жазбаша хабарлама жіберуге міндетті. Сұрау салуды қарау кезінде мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігі мен мүдделері ескерілуге тиіс.

 

4-бап. Осы Регламентке сілтеме жасау құқығынан бас тарту

Егер тарап осы Регламенттің қандай да бір ережесінің немесе талабының сақталмағанын біле тұра, мұндай сақталмауға дереу қарсылық білдірмей, төрелік талқылауға қатысуды жалғастырса, ол қарсылық білдіру құқығынан бас тартты деп есептеледі.

 

5-бап. АҚТС қағидаттары

Төрелік талқылау мынадай қағидаттарды сақтай отырып жүзеге асырылады:

1) тараптар еркінің автономиясы – тараптардың туындаған немесе туындауы мүмкін дау бойынша төрелік талқылауды жүзеге асыру тәртібі мен шарттары мәселелерін өзара алдын ала келісім негізінде дербес шешуге құқылы екенін білдіреді;

2) заңдылық – төрешілер мен АҚТС өз шешімдерінде тек тараптардың келісімі бойынша қолданылатын құқық нормаларын басшылыққа алатынын білдіреді;

3) тәуелсіздік – төрешілер мен АҚТС өздеріне берілген дауларды шешу кезінде тәуелсіз болады және оларға қандай да бір ықпал етуді болдырмайтын жағдайларда шешім қабылдайтынын білдіреді;

4) жарыспалылық және тараптардың тең құқықтылығы – тараптар төрелік талқылауда өз ұстанымын, оны қорғау тәсілдері мен құралдарын дербес және кімнен болса да тәуелсіз таңдайтынын, сондай-ақ тең құқықтарды пайдаланатынын және тең міндеттерді көтеретінін білдіреді;

5) әділеттілік – төрешілер мен АҚТС өздеріне берілген дауларды шешу кезінде және төрелік талқылау тараптары белгіленген талаптарды, қоғамның имандылық қағидаттарын және іскерлік әдеп қағидаларын сақтай отырып, адал әрекет етуге тиіс екенін білдіреді;

6) құпиялылық – төрешілер мен төрелік талқылауға қатысушылар төрелік талқылау барысында өздеріне белгілі болған мәліметтерді тараптардың немесе олардың құқық мирасқорларының келісімінсіз жария етуге құқылы емес екенін және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, төрелік талқылау барысында өздеріне белгілі болған мәліметтер туралы олардан куә ретінде жауап алынбайтынын білдіреді;

7) төрелік келісімнің автономдылығы – төрелік ескертпенің күшін жою, оны өзгерту немесе жарамсыз деп тану негізгі келісімді тоқтатуға, өзгертуге немесе жарамсыз деп тануға әкеп соқпайтынын білдіреді. Тиісінше, негізгі келісімнің күшін жою, оны өзгерту немесе жарамсыз деп тану төрелік ескертпенің күшін жоюға, оны өзгертуге немесе жарамсыз деп тануға әкеп соқпайды.

 

6-бап. Қолданылатын құқық

1. АҚТС-та дау тараптар даудың мәніне қолданылатын ретінде таңдаған құқық нормаларына сәйкес қаралады. Қандай да бір мемлекеттің құқығына немесе құқық жүйесіне жасалған кез келген сілтеме сол мемлекеттің коллизиялық нормаларына емес, тікелей материалдық құқығына сілтеме ретінде түсіндіріледі.

2. Қолданылатын құқық туралы тараптардың келісімі болмаған жағдайда, АҚТС қолданылатын құқықты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындайды.

3. Нақты құқықтық қатынасты реттейтін нормалар болмаған жағдайда, АҚТС шешімді шарт талаптарына және осы мәмілеге (шартқа) қолданылатын іскерлік айналым әдет-ғұрыптарын ескере отырып қабылдайды.

4. Егер қандай да бір аспектілер тараптармен келісілмесе, АҚТС Регламентінде айқындалмаса және Қазақстан Республикасының «Төрелік туралы» Заңымен тікелей реттелмесе, төрелік талқылау қағидаларын АҚТС айқындайды.

 

7-бап. Тараптардың құпиялылығы

1. АҚТС төрағасы, Төрешілер, АҚТС хатшылығының қызметкерлері, тараптар және төрелік талқылауға өзге де қатысушылар АҚТС-та дауды қарау барысында өздеріне белгілі болған және тараптар құпия деп айқындаған мәліметтерді жария етуге құқылы емес.

 

8-бап. Тараптардың құқықтары

1. Төрелік талқылауға қатысушы тараптар:

1) іс материалдарымен танысуға және осы материалдардан көшірмелер алуға;

2) дәлелдемелер ұсынуға;

3) өтінішхаттар беруге, Төрешілерге қарсылық білдіруге;

4) процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға, ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге;

5) процесс барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін ұсынуға;

6) басқа тараптың өтініштері мен дәлелдеріне қарсылық білдіруге;

7) төрелік отырысының хаттамасымен танысуға және ол бойынша жазбаша ескертулер беруге;

8) құзыретті сот алдында төрелік шешімді мәжбүрлеп орындау туралы өтініш беруге;

9) заңда белгіленген жағдайларда төрелік шешімді жою туралы өтініш беруге;

10) істі бітімгершілік келісімімен немесе медиация тәртібімен дауды (жанжалды) реттеу туралы келісіммен аяқтауға құқылы.

 

2-бөлім. Төрелік талқылауды ұйымдастыру

 

9-бап. Тараптар ұсынатын құжаттар

1. Төрелік талқылауды қозғауды қалайтын тарап (бұдан әрі – талап қоюшы) АҚТС-қа жазбаша нысанда талап арыз жолдайды, онда мыналар көрсетілуге тиіс:

1) талап арыз берілген күн;

2) тараптардың атаулары, олардың пошта мекенжайлары және банк деректемелері;

3) төрелікке жүгіну негіздемесі;

4) талап қоюшының талаптары;

5) талап қоюшы өз талаптарын негіздейтін мән-жайлар;

6) талап қою талаптарының негіздерін растайтын дәлелдемелер;

7) егер талап қою бағалануға жатса, талап қоюдың бағасы;

8) талап арызға қоса берілетін құжаттар мен өзге де материалдардың тізбесі.

2. Талап арызға талап қоюшы немесе оның өкілі қол қоюға тиіс, бұл ретте өкілдің өкілеттігін куәландыратын сенімхаттың түпнұсқасы немесе өзге құжат қоса беріледі.

3. Талап қоюшы тараптардың, сондай-ақ олардың өкілдерінің нақты пошта және электрондық мекенжайлары, телефон, факс нөмірлері және банк деректемелері туралы ақпарат ұсынады.

4. Бұдан басқа, талап қоюшы АҚТС-қа:

1) талап арызға қоса берілетін құжаттардың түпнұсқаларын не тиісінше куәландырылған көшірмелерін;

2) дауды АҚТС-қа беру туралы тараптар келісімінің бар екендігін растайтын дәлелдемелерді;

3) талап қоюшы сайлаған төрешінің (төрешілердің) деректерін (тегі, аты, әкесінің аты);

4) тіркеу және төрелік алымдардың төленгенін растайтын құжатты ұсынады.

5. Іс бойынша кез келген құжаттар тараптармен жазбаша түрде қағаз жеткізгіште және (немесе) электрондық түрде (WORD және PDF форматында) ұсынылады.

6. Құжаттарда заңнамада және (немесе) қалыптасқан іскерлік тәжірибеде көзделген деректемелер болуға тиіс.

7. Іс бойынша құжаттарды ұсынатын тарап оларды АҚТС-қа жібереді.

8.Қажет болған жағдайда, АҚТС төрелік келісімге және (немесе) іс бойынша дәлелдеме ретінде ұсынылатын кез келген құжаттарға төрелік талқылаудың жұмыс тіліне олардың жазбаша (қажет болған жағдайда – тиісінше куәландырылған) аудармасын қоса беруді ұйғаруы мүмкін.

9.Қажет болған жағдайда, тараптар төрелік талқылау басталғанға дейін төрелік құрам туралы (жеке-дара төреші туралы), істі тыңдау орны мен уақыты туралы, қолданылатын материалдық құқық туралы төрелік келісімге қол қояды.

10.Талап арыздың және оған қоса берілген материалдардың көшірмесі Жауапкерге электрондық пошта арқылы (бар болған жағдайда), мессенджерлер арқылы, соның ішінде, бірақ онымен шектелмей: WhatsApp, Telegram (Жауапкердің тиісті байланыс нөмірі болған жағдайда) немесе пошта мекенжайына қағаз жеткізгіште жіберу арқылы беріледі.

 

10-бап. Төрелік талқылаудың тілі

1. Тараптардың келісімі болмаған жағдайда, Төрелік құрамы тағайындалғаннан кейін осы талқылауда қолданылатын тіл немесе тілдер туралы мәселені шешуі мүмкін. Егер өзгеше келісілмесе, іс құжаттар ұсынылған тілде қаралады, бұл ретте талап арыз берілген тілге басымдық беріледі.

2. Төрелік талқылау жүргізілетін тілді меңгермейтін тарап аудармашыны қатыстыру туралы өтінішхат беруге құқылы. Аудармашыны іздеу және тарту өтінішхат берген тараптың өзі арқылы жүзеге асырылады.

3. Құжаттар мен өзге де материалдарды төрелік талқылау тіліне (тілдеріне) сәйкес келмейтін тілде ұсынатын тарап олардың аудармасын қамтамасыз етеді, бұл ретте төрелік регламентімен немесе тараптардың келісімімен қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.

 

11-бап. Төрелік талқылаудың мерзімдері

1. Төрелік талқылаудың және төрелік шешім шығарудың мерзімі төрелік құрам қалыптастырылған сәттен бастап 2 (екі) күнтізбелік айдан аспауға тиіс.

2. Белгіленген мерзімдер қаралып жатқан даудың күрделілігін ескере отырып және ұзартудың негізділігін назарға ала отырып, Төрелік құрамымен ұзартылуы мүмкін.

 

12-бап. Төрелік шығыстар мен алымдар

1. Талап арыз берілген кезде талап қоюшы осы Регламенттің ажырамас бөлігі болып табылатын Төрелік талқылау шығыстары туралы Ережеде айқындалған тәртіппен және мөлшерде алымдарды төлеуге міндетті.

2. Алымдар төленгенге дейін осы талап бойынша төрелік талқылау жүргізілмейді және іс қозғалыссыз қалдырылады.

3. Алымдардың мөлшері, оларды төлеу және бөлу тәртібі, сондай-ақ төрелік талқылауға байланысты өзге де шығыстарды өтеу тәртібі осы Регламенттің ажырамас бөлігі болып табылатын Төрелік талқылау шығыстары туралы Ережемен белгіленеді.

4. Төрелік құрам қалыптастырылғанға дейін АҚТС Төрағасы, ал қалыптастырылғаннан кейін – Төрелік құрамы, істі жүргізуге байланысты шығыстар бойынша қамтамасыз ету ретінде кез келген тараптан банктік кепілдік немесе өзі қажет деп санайтын өзге тәсілмен қамтамасыз ету беруді талап етуге құқылы.

 

13-бап. Төрелік соттың орналасқан жері

1. АҚТС-тың орналасқан жері және тыңдаулар өткізілетін орын – Астана қаласы.

2. Егер тараптар төрелік талқылаудың орнын алдын ала келіспесе, мұндай орынды істің мән-жайларын, оның ішінде тараптар үшін қолайлылық факторын ескере отырып, Төрелік құрамы айқындайды.

3. Төрелік шешім төрелік талқылау өткізілген жерде шығарылды деп есептеледі.

4. Төрелік құрамы:

1) іс бойынша дәлелдемелермен танысу және дауды мәні бойынша шешу үшін көшпелі отырыстар өткізуге;

2) негіздер болған жағдайда тыңдауларды өзінің тұрақты жұмыс істейтін кеңселерінің бірінде немесе өзге жерде өткізу туралы шешім қабылдауға құқылы.

5. Онлайн-режимде отырыс өткізілген жағдайда, отырыс өткізілген орын және шешім шығарылған орын ретінде төрелік талқылау орны танылады, төрелік құрамының және (немесе) тараптардың нақты орналасқан жеріне қарамастан.

6. Талқылауды өткізуге байланысты туындаған барлық қосымша шығыстар оларды бастамашы болған тарапқа жүктеледі.

7. Төрелік құрамы тараптардан осы шығыстарды өтеуге қатысты тиісті қамтамасыз етуді алдын ала ұсынуды талап етуге құқылы.

 

14-бап. Тараптарды хабардар ету

1. Тараптар, сондай-ақ төрелік талқылауға өзге де қатысушылар АҚТС-қа өздерінің заңды және нақты мекенжайларын, ұялы байланыс нөмірлерін (мобильді телефон нөмірлерін), электрондық пошта мекенжайларын хабарлауға, сондай-ақ олардың өзгеруі туралы АҚТС-ты уақтылы хабардар етуге міндетті.

2. Шешім, ұйғарым, хабарлама немесе өзге құжат тапсырысты пошта жөнелтілімімен, факсимильдік байланыс арқылы, электрондық пошта арқылы, мессенджерлер арқылы, соның ішінде, бірақ онымен шектелмей: WhatsApp, Telegram немесе құжатты немесе хабарламаны жіберуді тіркеуді қамтамасыз ететін кез келген өзге байланыс құралы арқылы жеткізіледі; қажет болған жағдайда жеткізу курьер немесе жедел пошта арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

3. Осы тармаққа сәйкес жіберілген шешім, ұйғарым, хабарлама немесе өзге құжат талап қоюшы, жауапкер немесе өзге адресат алған болып, таңдалған байланыс құралы үшін белгіленген әдеттегі жеткізу күні (уақыты) кешіктірілмей есептеледі.

4. Қажет болған жағдайда АҚТС төрелік талқылауға қатысушыларды ұялы (мобильді) байланыс арқылы, SMS-хабарламалармен, мессенджерлер арқылы, соның ішінде, бірақ онымен шектелмей: WhatsApp, Telegram арқылы отырыстардың өтетін орны мен уақыты туралы, сондай-ақ төрелік талқылауға қатысты өзге мәселелер бойынша хабардар етеді (хабарлайды).

5. Осы Регламент бабына сәйкес жіберілген хабарлама (хабарламалар) жіберілген күні талап қоюшы, жауапкер немесе өзге адресат алған болып есептеледі, ал тараптар немесе өзге адресат отырыстардың өтетін орны мен уақыты, сондай-ақ хабарламада қамтылған өзге мәселелер бойынша тиісті түрде хабардар етілген болып танылады.

6. Процестік құжаттар осы Регламентте көзделген байланыс арналары бойынша жіберілген кезде, жіберу фактісі мен уақыты расталған жағдайда, Төрелік сотқа ұсынылған болып есептеледі; жіберуші тарап белгіленген мерзімдердің сақталуын қамтамасыз ету үшін жіберу тәсілі мен уақытын таңдауға міндетті және жеткізудің кешігуі, техникалық іркілістер және құжаттардың уақтылы келіп түсуіне кедергі келтіретін өзге де мән-жайлардың салдары тәуекелін көтереді.

7. Төрелік құрамы мерзімді ұзартуға немесе белгіленген мерзім өткеннен кейін ұсынылған құжатты қабылдауға құқылы, егер мерзімді өткізіп алу тараптың түсініктемелер ұсыну құқығын іске асыруына кедергі келтірген құрметті мән-жайларға байланысты болғанын және құжатты қабылдамау тараптардың тең құқықтылығы мен жарыспалылығы қағидаттарының елеулі бұзылуына әкеп соғуы мүмкін екенін анықтаса.

 

3-бөлім. Төрелік соттың құрамы

15-бап. Төрелік соттың құрамы және оны қалыптастыру тәртібі

1. Төрелік құрам бір немесе үш төрешіден тұруы мүмкін.

2. Төрелік құрамның сандық және дербес құрамы және (немесе) оны қалыптастыру тәртібі тараптармен Төрелік келісімде айқындалады.

3. Егер тараптар Төрелік келісімде төрелік құрамның сандық және (немесе) дербес құрамын не оны қалыптастыру тәртібін айқындамаса, төрелік құрамның сандық және дербес құрамын АҚТС Төрағасы айқындайды.

4. Тарап істі 3 (үш) төрешіден тұратын төрелік құрамда қарау туралы талапты төрелік талқылауды қабылдау, қозғау және дайындау туралы ұйғарымды алған сәттен бастап 7 (жеті) күнтізбелік күн ішінде мәлімдеуге құқылы.

5. Егер іс бойынша шешім құзыретті сотпен толық немесе ішінара жойылса, істі қайта қарау кезінде төрелік құрамның сандық және дербес құрамы АҚТС Төрағасымен қалыптастырылады.

 

16-бап. Төрешілерді сайлау (тағайындау) және ауыстыру мерзімдері мен тәртібі

1. Істі қарайтын төреші немесе төрешілер, олардың санына қарамастан, іс қарау барысында төрелік құрамы деп аталады.

2. Төрелік құрамды қалыптастыру талап арыз берілгенге дейін тараптармен төрелік құрамды қалыптастыру туралы келісімге қол қою, АҚТС төрешілер тізілімінен тараптардың таңдауы бойынша төрешіні (төрешілерді) сайлау (тағайындау) арқылы жүзеге асырылады.

3. Егер дау 3 (үш) төрешімен қаралса, әрбір тарап бір төрешіні сайлайды, ал осылайша сайланған екі төреші үшінші төрешіні – төрелік талқылауға төрағалық етушіні сайлайды.

4. Егер тараптардың бірі хабарлама алған сәттен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде төрешіні сайламаса немесе сайланған екі төреші олар сайланғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде үшінші төрешіні (төрелік талқылауға төрағалық етушіні) сайламаса, онда төреші (төрешілер, оның ішінде төрағалық етуші) кейінгі екі күн ішінде АҚТС Төрағасымен төрешілер тізілімінен тағайындалады.

5. Тараптардың өтініші бойынша немесе тараптар төрелік құрамды сайламаған жағдайда, АҚТС Төрағасы төрелік құрам мүшелерін тағайындауға құқылы. Жеке-дара төрешіні тағайындау немесе төрелік құрамды қалыптастыру туралы Төрелік Төрағасы ұйғарым шығарады.

6. Іске бірнеше талап қоюшы немесе жауапкер қатысқан жағдайда, барлық қоса талап қоюшылар немесе қоса жауапкерлер бір тарап деп танылады және әрбір тарап бір төрешіні сайлайды.

7. Істі қарайтын төрешінің өкілеттігі тоқтатылған жағдайда, басқа төреші ауыстырылатын төрешіні сайлау (тағайындау) кезінде қолданылған қағидаларға сәйкес сайланады (тағайындалады). Егер төрелік талқылауға төрағалық етуші, жеке-дара төреші немесе төрешілер АҚТС Төрағасымен тағайындалған болса, жаңа тағайындауларды да сол жүзеге асырады. Ауыстыру тәртібімен сайланған (тағайындалған) төреші іс бойынша қайта тыңдаулар тағайындауға құқылы.

8. Төрелік талқылауға төрағалық етуші немесе жеке-дара төреші ауыстырылған жағдайда, оның ауыстырылуына дейін өткізілген барлық тыңдаулар іс бойынша қайта басталуға тиіс.

Кез келген басқа төреші ауыстырылған кезде, мұндай алдыңғы тыңдаулар төрелік құрамының қалауы бойынша, тараптардың пікірін ескере отырып, қайта басталуы мүмкін.

 

17-бап. Төрелік рәсімдер

1. Төреші лауазымына тағайындау, төрешіні лауазымынан босату және төрешілер тізілімінен шығару туралы шешімді төрешіге кандидат немесе төреші заңнаманың және (немесе) қоғамның имандылық қағидаттарының және іскерлік әдеп қағидаларының белгіленген талаптарын сақтамаған жағдайда АҚТС Төрағасы қабылдайды.

2. АҚТС Төрағасының немесе АҚТС Төрағасының орынбасарының ұйғарымымен істі қарауға тағайындалған Төреші уақытша болмаған немесе келмеген жағдайда, АҚТС Төрағасы немесе Төрағаның орынбасары төрелік отырысты кейінге қалдыру туралы ұйғарым шығарады.

3. Ұйғарымда жаңа жеке-дара төрешіні тағайындау және жеке-дара төрешінің төрелік талқылаудың жаңа күнін айқындау қажеттігі көрсетіледі.

 

18-бап. Төрешілердің бейтараптығы мен тәуелсіздігі

1. Әрбір төреші бейтарап және тәуелсіз болуға тиіс.

2. Отырыстар басталғанға дейін төреші тараптарға өзінің бейтараптығы мен тәуелсіздігіне күмән тудыруы мүмкін кез келген фактілер мен мән-жайлар туралы жазбаша түрде мәлімдеуге міндетті.

3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген фактілер мен мән-жайлар төрелік талқылау барысында төрешіге белгілі болған жағдайда, ол бұл туралы басқа төрешілерге және тараптарға дереу жазбаша түрде мәлімдеуге тиіс.

 

19-бап. Төрешіге қарсылық білдіру, өкілеттігін тоқтату және ауыстыру

1. Тиісті негіздер болған жағдайда төреші өздігінен бас тартуға құқылы.

2. Егер төрешінің бейтараптығы немесе тәуелсіздігіне негізді күмән тудыратын мән-жайлар болса, тарап төрешіге қарсылық білдіре алады.

3. Тарап өзі тағайындаған төрешіге немесе тағайындауына өзі қатысқан төрешіге тек тағайындаудан кейін белгілі болған мән-жайларға байланысты ғана қарсылық білдіре алады.

4. Қарсылық білдіру себептері көрсетілген жазбаша өтініш осы Регламенттің 29-бабы талаптарын сақтай отырып, тарап қарсылық білдіруге негіз болатын мән-жайлар туралы білген күннен бастап 7 (жеті) күнтізбелік күннен кешіктірілмей АҚТС-қа берілуге тиіс.

Осы тармақта көзделген мерзімде қарсылық білдіру туралы өтініштің түспеуі мұндай қарсылық білдіру құқығынан бас тарту болып есептеледі.

5. АҚТС қарсылық білдіру туралы өтініш жөнінде тараптарды және төрелік құрамын хабардар етуге және тараптар мен төрешілерге өз ұстанымын білдіру мүмкіндігін беруге міндетті.

6. Егер басқа тарап қарсылықпен келіссе, төреші өз өкілеттігін тоқтатуға тиіс.

7. Өзге барлық жағдайларда қарсылық білдіру мәселесі бойынша түпкілікті шешімді АҚТС Төрағасы немесе Төрағаның орынбасары қабылдайды.

8. Егер төреші өз міндеттерін орындауға мүмкіндігі болмаса немесе оларды тиісінше орындамаса, оның өкілеттігі тоқтатылады. Төрешінің өкілеттігін тоқтату туралы ұйғарымды АҚТС Төрағасы немесе оның орынбасары шығарады.

9. Егер төреші осы баптың 6-тармағына сәйкес өз міндеттерін орындауды тоқтатса, АҚТС жаңа төрешіні тағайындайды. Егер ауыстырылатын төреші тараппен тағайындалған болса, онда бұл тарап жаңа төрешіні тағайындайды, егер АҚТС тағайындаудың өзге тәртібін неғұрлым орынды деп таппаса.

Төреші ауыстырылған жағдайда, жаңа төрелік құрамы талқылауды қаншалықты және қандай көлемде қайталау қажет екендігі туралы шешім қабылдауға тиіс.

 

20-бап. Төрелік соттың хатшылығы

1. АҚТС жауапты хатшысы тараптың жазбаша талабы бойынша нақты іс бойынша төрелік отырыстың хаттамасын жүргізу қажеттілігі туындаған жағдайда, төрелік құрам немесе жеке-дара төреші өткізетін барлық ауызша талқылауларға қатыса алады.

2. Хатшылық қызметкерлері, оның ішінде Жауапты хатшы жоғары заң біліміне ие болуға тиіс.

3. Хатшылық қызметкерлері, оның ішінде Жауапты хатшы, АҚТС Төрағасымен қызметке тағайындалады.

 

21-бап. Талап арызды қабылдау

1. АҚТС Төрағасы талап арыз тіркелген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде оны Төреліктің іс жүргізуіне қабылдау туралы мәселені шешеді және тараптар Төрелік құрамды таңдамаған жағдайда жеке-дара төрешіні тағайындау туралы ұйғарым шығарады.

2. Егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, төрелік талап арызды қабылдағаннан кейін 10 (он) күнтізбелік күн ішінде төрелік регламентке немесе тараптар келіскен қағидаларға сәйкес төрелік талқылауды қозғау туралы ұйғарым шығарады, тараптарды істі қарау орны туралы хабардар етеді, жауапкерге талап арызға жазбаша пікір (жауап) ұсынуды ұсынады.

3. Егер тараптар өзгеше келіспесе, нақты дау бойынша төрелік талқылау осы дауды АҚТС-қа беру туралы өтініш жауапкер алған күні басталады.

4. Төреші АҚТС іс жүргізуінде біртектес бірнеше іс бар екенін, онда бірдей тараптар қатысатынын не бір талап қоюшының әртүрлі жауапкерлерге немесе әртүрлі талап қоюшылардың бір жауапкерге қойған бірнеше талаптары бар екенін анықтаса, мұндай біріктіру орынды деп таныған жағдайда, өз қалауы бойынша немесе тараптардың өтінішхаты бойынша бұл істерді бір іс жүргізуге біріктіре алады. Осы факт бойынша төреші шағым жасауға жатпайтын тиісті ұйғарым шығарады.

5. Төрелік талқылау барысында АҚТС Төрағасы өз қалауы бойынша басқа төрелік құрамды тағайындауға құқылы. Осы факт бойынша төреші шағым жасауға жатпайтын тиісті ұйғарым шығарады.

6. Егер тараптар өзгеше келіспесе, АҚТС тараптарға төрелік отырыстың уақыты мен орны туралы хабарламаны алдын ала және тиісінше табыстауға міндетті.

7. Егер тараптар өзгеше келіспесе, тараптардың бірі АҚТС-қа ұсынған барлық құжаттардың, материалдардың және ақпараттың көшірмелері төрелікке келіп түскен күннен бастап 7 (жеті) күнтізбелік күн ішінде екінші тарапқа АҚТС арқылы берілуге тиіс. Сараптамалық қорытындылар төрелік талқылау басталғанға дейін тараптарға берілуге тиіс.

 

22-бап. Төрелік талқылаудың нысаны

1. Істерді төрелік құрам мынадай нысандарда қарай алады:

1) тараптардың (бір тараптың) тікелей қатысуымен ауызша тыңдау;

2) екі тараптың және (немесе) бір тараптың істі олардың қатысуынсыз қарау туралы өтінішхаттары болған жағдайда, ұсынылған материалдар негізінде тараптардың қатысуынсыз;

3) онлайн-режимде (техникалық байланыс құралдарын пайдалана отырып);

4) тараптарды шақырмай, ұсынылған материалдар негізінде жеңілдетілген (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен.

2. Ауызша тыңдау елеулі негіздер болған кезде төрелік отырыста жүзеге асырылады. Тыңдау жабық отырыста өткізіледі. Төрелік құрамының рұқсатымен және тараптардың келісімімен төрелік талқылауға қатыспайтын адамдар қатыса алады.

3. Тараптардың келісімі бойынша төрелік талқылау, істің барлық немесе бір бөлігі бойынша отырыстар ауызша тыңдау өткізбей, тек жазбаша материалдар негізінде жүргізілуі мүмкін. Егер төрелік құрамы ұсынылған материалдарды дауды мәні бойынша шешу үшін жеткіліксіз деп тапса, ол істі жалпы тәртіпте талап қою өндірісі қағидалары бойынша қарауға көшеді.

4. Төрелік талқылау, істің барлық немесе бір бөлігі бойынша отырыстар онлайн-режимде (нақты уақыт режимінде техникалық байланыс құралдарын пайдалана отырып), яғни тараптардың (олардың өкілдерінің) төрелік талқылау өтетін жерде болуынсыз, жабық отырыста өткізілуі мүмкін. Отырыстар бейнеконференцбайланыс немесе өзге де бағдарламалық-техникалық құралдар арқылы өткізіледі.

5. Жеңілдетілген (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен төрелік талқылау мынадай істер бойынша жүзеге асырылады:

1) ақша өндіріп алу туралы талаптар бойынша, егер талап қою бағасы заңды тұлғалар үшін 1500 (бір мың бес жүз) айлық есептік көрсеткіштен, жеке кәсіпкерлер мен азаматтар үшін 750 (жеті жүз елу) айлық есептік көрсеткіштен аспаса;

2) талап қою бағасына қарамастан, талап қоюшы ұсынған жауапкердің ақшалай міндеттемелерін белгілейтін құжаттарға және (немесе) шарт бойынша берешекті растайтын құжаттарға негізделген талаптар бойынша.

6. Төрелік құрамы онлайн-режимде (техникалық байланыс құралдарын пайдалана отырып) қарауға көшуге құқылы, егер:

1) тарап бұл туралы негіздерін көрсете отырып өтінішхат білдірсе;

2) қарсы талап қабылданса;

3) дәлелдемелерді олардың орналасқан жері бойынша қарау және зерттеу, сараптама тағайындау немесе куәлардың айғақтарын тыңдау қажет болса;

4) тараптардың қосымша түсініктемелерін тыңдау қажет болса.

7. Егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, Төрелік құрамы дәлелдемелер ұсыну немесе ауызша жарыссөздер өткізу үшін ауызша тыңдау жүргізу қажеттігі туралы не істі тек құжаттар мен өзге материалдар негізінде қарау туралы шешімді өзі қабылдайды.

 

23-бап. Төрелік талқылауды қозғау

1. Талап қоюшы АҚТС-қа талап арызбен жүгінеді және екінші тараптың Төрелікте мұндай талқылауға келісімін растайтын дәлелдемелерді ұсынады.

2. Талап арыз берумен бір мезгілде талап қоюшы осы Регламенттің ажырамас бөлігі болып табылатын Төрелік талқылау шығыстары туралы Ережеде айқындалған тәртіппен және мөлшерде алымдарды төлейді.

3. Егер алымдар талап арыз берілген кезде төленбесе, АҚТС өз қалауы бойынша төлемді кейінге қалдыру арқылы оларды төлеудің өзге мерзімін белгілеуі мүмкін, осы мерзім ішінде талап қоюшы алымдарды төлеуге міндетті.

4. Егер төрелік алым бірінші отырысқа дейін немесе АҚТС белгілеген мерзімде төленбесе, АҚТС талап арызды қайтарады.

5. Төрелік құрамы талап арызды қабылдағаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде төрелік талқылауды қозғау туралы ұйғарым шығарады және тараптарды қарау нысаны мен уақыты туралы хабардар етеді, жауапкерге төрелік ұйғарымында белгіленген мерзімде талап арызға жазбаша пікірді және жауапкердің дәлелдерін растайтын құжаттарды қоса бере отырып ұсынуды ұсынады. Жауапкердің талапқа қарсылықтарын ұсынбауы дауды қарауға кедергі бола алмайды.

6. Жауапкер талап қоюшыға және төрелікке талап арызға жазбаша пікірін ұсынып, онда талапқа қарсы өз қарсылықтарын баяндауға құқылы. Талап арызға пікір талап қоюшыға және төрелікке дауды қарайтын Төрелік құрамы айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде ұсынылады және онда:

1) жауапкердің талап қою талаптарын толық немесе ішінара тануы туралы ұстанымы;

2) өзіне қойылған әрбір талапқа қарсы қарсылықтар және олар негізделетін мән-жайлар;

3) жауапкер өз қарсылықтарын негіздеу үшін сілтеме жасайтын дәлелдемелер қамтылуға тиіс.

7. Төрелік құрамы жеңілдетілген (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен төрелік талқылауды қозғау туралы ұйғарым шығарған жағдайда, жауапкердің талап арызға жазбаша пікір ұсынуы үшін белгіленген мерзім пресекциялық болып табылады, яғни осы мерзім өткеннен кейін Төрелік құрамы істі бар материалдар негізінде қарап, мерзім өткеннен кейін ұсынылған пікір мен қоса берілген дәлелдемелерді назарға алмауға құқылы. Егер мерзім нақты күнтізбелік күнді көрсету арқылы белгіленсе, бұл мерзім тиісті күнтізбелік күннің сағат 23:59-ында аяқталады.

8. Төрелік талқылау барысында тарап өз талап қою талаптарын немесе талапқа қарсы қарсылықтарын өзгертуге немесе толықтыруға құқылы.

 

24-бап. Талап арызды қайтару

1. Төрелік құрамы талап арызды мынадай жағдайларда қайтарады:

1) тараптар арасында төрелік келісім болмаған;

2) талап төрелік келісімде көзделмеген төрелікке берілген;

3) талап қою нысанасы төрелік келісімнің шегінен шығып кеткен;

4) төрелік келісімге қатыспайтын үшінші тұлғалардың мүдделері қозғалған;

5) талап арызға оны қол қоюға өкілеттігі жоқ тұлға қол қойған;

6) талап қоюшы талап арызды қайтару туралы өтініш берген;

7) сол тараптар арасындағы, сол нысана бойынша және сол негіздер бойынша дау бойынша осы немесе басқа төреліктің іс жүргізуінде іс бар;

8) төрелік алымның толық немесе бір бөлігі төленбеген;

9) төрелік келісімге қатысушы талап арыз берілген сәтте болмаған (егер бұл заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер болса, өз қызметін тоқтатқан; жеке тұлға қайтыс болған немесе қайтыс болды деп жарияланған).

2. Талап арызды қайтару кезінде Төрелік құрамы дәлелді ұйғарым шығарады.

3. Талап арызды қайтару талап қоюшының Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, АҚТС регламентінде немесе тараптардың келісімінде белгіленген талаптарды сақтай отырып, сол жауапкерге, сол нысана бойынша және сол негіздер бойынша АҚТС-қа қайтадан талап қоюмен жүгінуіне кедергі келтірмейді.

 

25-бап. Қарсы талап қою және қарсы талаптарды есепке жатқызу

1. Жауапкер қарсы талап қоюшының талаптарымен өзара байланысы болған жағдайда, сондай-ақ қарсы талап төрелік келісімге сәйкес Төрелік құрамымен қаралуы мүмкін болған жағдайда талап қоюшыға қарсы талап қоюға құқылы.

2. Егер тараптар өзге мерзімді келіспесе, қарсы талап төрелік құрамы шешім қабылдағанға дейін төрелік талқылау барысында қойылуы мүмкін.

3. Талап қоюшы қарсы талапқа қарсылықтар ұсынуға құқылы.

4. Егер тараптар өзгеше келіспесе, жауапкер азаматтық заңнаманың талаптарын сақтай отырып, қарсы талапты есепке жатқызуды талап етуге құқылы.

5. Жауапкердің қарсы талапты немесе есепке жатқызу туралы талапты негізсіз кешіктіріп қоюы салдарынан төрелік талқылау созылған жағдайда, қосымша шығыстар мен екінші тараптың шығындарын өтеу жауапкерге жүктелуі мүмкін.

6. Төрелік құрамы кешіктіру немесе өзге де негіздерді ескере отырып, қарсы талапты немесе есепке жатқызу туралы талапты қарауды орынсыз деп тануы мүмкін.

 

5-бөлім. Дауларды қарау тәртібі

26-бап. Талап қою талаптарын немесе қарсылықтарды өзгерту

1. Төрелік талқылау барысында тарап өз талап қою талаптарын немесе қарсылықтарын өзгертуге немесе толықтыруға құқылы, жауапкер талапты тануға, қарсы талап қоюға немесе есепке жатқызу мақсатында талап қоюға құқылы.

2. Төрелік құрамы өтініш берушінің жіберген кідірісін немесе басқа тараптардың мүдделеріне ықтимал зиянды, сондай-ақ кез келген өзге мән-жайларды ескере отырып, тарап мәлімдеген өзгерістерді немесе толықтыруларды, қарсы талапты немесе есепке жатқызу туралы талапты қараудан бас тартуға құқылы.

3. Талап қою талабы немесе қарсылық, қарсы талап немесе есепке жатқызу туралы талап АҚТС құзыретінің шегінен шығатындай түрде өзгертілуі, толықтырылуы немесе тұжырымдалуы мүмкін емес.

4. Төрелік құрамы тараптарға дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасау арқылы шешу құқығын түсіндіреді. Тараптар төрелік құрам шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін медиация тәртібімен дауды (жанжалды) реттеу туралы өтінішхат беруге құқылы.

5. Даудың мәніне қатысты емес мәселелер бойынша Төрелік құрамы дәлелді ұйғарымдар шығарады.

 

27-бап. Тараптардың процестік құқықтары мен міндеттері

1. Төрелік талқылауға қатысушы тараптар және (немесе) олардың уәкілетті өкілдері Заңдарда және осы Регламентте көзделген барлық процестік өкілеттіктерге ие.

2. Тараптар төрелік талқылауда өз істерін жеке өзі немесе өкілдер арқылы жүргізуге құқылы. Тараптың іске жеке қатысуы оның осы іс бойынша өкілі болу құқығынан айырмайды. Өкілдің өкілеттіктері заңға сәйкес берілген және ресімделген сенімхатта көрсетілуге тиіс.

3. Адвокаттың өкілеттігі адвокат куәлігімен және қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарламамен расталады.

4. Тараптар өкілдерінің арнайы өкілеттіктері (істі төрелікке беру, алымдарды төлеу, талаптан бас тарту, талапты тану, талап қою нысанасы мен негіздерін өзгерту, бітімгершілік келісім жасау, сенім білдіруді қайта беру және т.б.) тиісінше ресімделген сенімхатта тікелей көзделуге тиіс.

5. Іске қатысушы тұлғалар бір-біріне Төрелік құрамы белгілейтін тәртіппен және кезектілікпен сұрақтар қоюға құқылы.

6. Төрелік құрамы даудың нысанасына және талап қоюшының талаптары мен жауапкердің қарсылықтарының негізіне қатысы жоқ сұрақтарды алып тастауға құқылы.

7. Тараптар, олардың өкілдері және іске қатысатын басқа тұлғалар осы Регламентте және Төрелік құрамымен белгіленген төрелік талқылау тәртібін сақтауға, іс бойынша шығарылған Төрелік құрамының ұйғарымдары мен нұсқауларын адал, нақты және уақтылы орындауға міндетті.

Егер тарап осы Регламентте немесе Төрелік құрамының кез келген процестік қаулысында белгіленген қандай да бір ережені немесе талапты дәлелді себептерсіз орындамаса, Төрелік құрамы мұндай жағдайда орынды деп санайтын қорытындылар жасауға құқылы.

8. Тараптың, оның өкілінің немесе іске қатысатын басқа тұлғалардың сөз сөйлеуі кезінде басқа тарапқа (тараптарға) және оның (олардың) өкілдеріне Төрелік құрамының рұқсатынсыз репликалармен, сұрақтармен және өзге де әрекеттермен сөзді бөлуге тыйым салынады.

9. Тараптар, олардың өкілдері және іске қатысатын басқа тұлғалар төрелік талқылауға қандай да бір кедергілер келтірмеуге тиіс.

10. Регламент нормаларын бұзғаны үшін Төрелік құрамы, АҚТС Төрағасы, Төрағаның орынбасары тарапқа (оның өкіліне), куәға, сарапшыға, аудармашыға ескерту жасауға, отырыс залынан шығаруға, тарап алдында өкілді ауыстыру туралы мәселе қоюға, тараптың өтініші бойынша басқа тараптың Регламент нормаларын бұзуынан туындаған мүліктік шығындарын өтеу мәселесін қарауға; бұзушылықтың сипатына байланысты қысым көрсету, қорқыту, Төрелік құрамына немесе тұтастай АҚТС-қа тіл тигізу, төрелік талқылауға кедергі жасау және басқа да осындай әрекеттер үшін кінәлі тарапқа мүліктік өндіріп алу салуға, сондай-ақ өзге де шараларды қолдануға құқылы. Аталған бұзушылықтар мен мүліктік өндіріп алулар АҚТС шешімінде көрсетіледі.

11. Төрелік құрамы төрелік талқылау барысында істі жан-жақты қарау мақсатында тараптарға және процестің өзге қатысушыларына сұрақтар қоюға, қаралып жатқан істің мән-жайларына қатысты түсіндірмелер, нақтылаулар және процестік ескертулер беруге, сондай-ақ тараптардың дауды бітімгершілік келісім жасау немесе тараптар келіскен өзге де бейбіт жолмен шешу мүмкіндігіне назар аударуға құқылы.

12. Тараптар Төрелік сотқа барлық процестік құжаттарды, оның ішінде, бірақ онымен шектелмей: талап арыздарды, пікірлерді, қарсылықтарды, түсіндірмелерді, өтінішхаттарды, сондай-ақ өздері сілтеме жасайтын барлық дәлелдемелерді осы Регламентте көзделген тәртіппен және тәсілмен АҚТС-қа жіберу арқылы жазбаша нысанда ұсынуға міндетті. Тараптардың және олардың өкілдерінің ауызша түсіндірмелері мен мәлімдемелері кейіннен жазбаша түрде баяндалып, төрелік іс материалдарына енгізілген жағдайда дауды шешу кезінде Төрелік құрамымен ескеріледі.

13. Жеңілдетілген (жазбаша) іс жүргізу тәртібінде тек жазбаша нысанда ұсынылған және іс материалдарына қоса тіркелген процестік құжаттар ғана заңдық маңызы бар деп танылады.

 

28-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету шаралары

1. Егер тараптар өзгеше келіспесе, Төрелік құрамы кез келген тараптың өтініші бойынша даудың нысанасына қатысты талап қоюды қамтамасыз ету үшін қажет деп санайтын шараларды қолдану туралы ұйғарым шығара алады.

2. Төрелік талқылау барысында, осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайда, тараптар талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы. Соттың талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым қабылдауы төрелік келісімге қайшы келмейді.

3. АҚТС-та қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы арыз тараппен төрелік талқылау жүзеге асырылатын жердегі немесе қамтамасыз ету шаралары қолданылуы мүмкін мүліктің орналасқан жеріндегі сотқа беріледі.

4. Соттың төрелікте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды қарауы және қамтамасыз ету немесе одан бас тарту туралы ұйғарым шығаруы Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

5. АҚТС-та қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым оны шығарған сотпен тараптардың бірінің арызы бойынша жойылуы мүмкін.

6. Талап қою талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы төрелік шешім сотпен қамтамасыз ету шараларын жоюға негіз болып табылады.

7. АҚТС немесе АҚТС-тың келісімімен тарап дәлелдемелер алуға жәрдем көрсету туралы өтінішпен сотқа жүгінуі мүмкін. Сот бұл өтінішті Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес қарайды.

 

29-бап. Дәлелдемелер

1. Тараптар өз талаптары немесе қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиіс.

2. Егер ұсынылған дәлелдемелер жеткіліксіз деп танылса, Төрелік құрамы тараптарға қосымша дәлелдемелер ұсынуды ұсынуға құқылы. Сондай-ақ ол өз қалауы бойынша сараптама тағайындауға, үшінші тұлғалардан дәлелдемелер сұратуға, куәларды шақыруға және тыңдауға құқылы.

3. Тарап жазбаша дәлелдемелерді түпнұсқада немесе өзі куәландырған көшірме түрінде ұсына алады. Істі қарау мүдделері үшін қажет болған жағдайда, Төрелік құрамы бұл дәлелдемелердің басқа тілге аударылуын талап етуге құқылы.

4. Егер дәлелдеме іс үшін маңызы бар мән-жайлардың бар екендігін растайтын, теріске шығаратын немесе күмән тудыратын фактілер туралы мәліметтерді қамтыса, ол Төрелік құрамымен іске қатысты деп танылады.

5. Бір тараптың екінші тарап өз талаптары немесе қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын фактілерді мойындауы соңғысын бұл фактілерді әрі қарай дәлелдеуден босатады.

6. Төрелік құрамы іс бойынша бар барлық дәлелдемелерді тікелей зерттеуге міндетті. Дәлелдемелерді бағалау Төрешілердің ішкі сенімі бойынша жүзеге асырылады.

7. Тиісті дәлелдемелерді ұсынбау Төрелік құрамының істі қарауды жалғастыруына және қолда бар дәлелдемелер негізінде шешім шығаруына кедергі келтірмейді.

8. Дәлелдемелер істі төрелік талқылауға дайындау сатысында тараптармен сұратылуға және ұсынылуға тиіс. Төрелік талқылау сатысында дәлелдемелерді сұрату оны ұсынған тұлғалармен негізделуге тиіс. Негіздеме болмаған жағдайда, төреші төрелік талқылауды негізсіз немесе әдейі созу туралы қорытынды жасауға құқылы.

9. Тарап істі қарау кезінде куәны қатыстыру туралы өтінішхат беруге құқылы. Куәны қатыстыру туралы өтінішхатта оны қатыстыру негіздері, яғни куә істі жан-жақты және толық қарау үшін қажетті қандай ақпаратқа ие екендігі көрсетілуге тиіс.

Куәны қатыстыру туралы өтінішхат бойынша төреші басқа тараптардың пікірін тыңдайды. Куәнің келуін және оның байланыс деректерін Төрелік құрамына ұсынуды өтінішхат білдірген тарап қамтамасыз етеді.

10. Жеңілдетілген (жазбаша) іс жүргізу тәртібінде Төрелік құрамы тиісті процестік құжаттарды ұсыну үшін белгілеген мерзімде тарап ұсынбаған дәлелдемелер қараусыз қалдырылуы мүмкін.

 

30-бап. Сараптама тағайындау

1. Егер тараптар өзгеше келіспесе, Төрелік құрамы өз бастамасы бойынша немесе кез келген тараптың өтінішхаты бойынша:

1) төрелік айқындайтын нақты мәселелер бойынша қорытынды беру үшін бір немесе бірнеше сарапшыны тағайындай алады;

2) тараптан сарапшыға іске қатысты кез келген ақпаратты ұсынуды немесе іске қатысты құжаттарды, тауарларды немесе өзге мүлікті қарау үшін көрсетуін не қарауға мүмкіндік беруін талап ете алады;

3) тараптар арнайы келіспеген жағдайда, сараптамаға ақы төлеу және сарапшының қатысуына байланысты шығыстарды бөлу мәселелерін қоса алғанда, сарапшының төрелік талқылауға қатысуына байланысты өзге де мәселелерді шеше алады.

2. Сараптамалық қорытынды жазбаша нысанда ұсынылады.

3. Егер тараптардың өзгеше келісімі болмаса, тараптардың бірінің өтініші бойынша немесе төрелік қажет деп тапқан жағдайда, сарапшы жазбаша қорытындысын ұсынғаннан кейін тыңдауға қатысуға және тараптардың оған сұрақтар қоюына, сондай-ақ даулы мәселелер бойынша түсініктеме беру үшін мамандарды ұсынуына мүмкіндік беруге тиіс.

4. Сараптама жүргізуге байланысты барлық шығыстар оны тағайындау туралы өтінішхат білдірген тарапқа жүктеледі.

5. Сараптама тағайындау туралы Төрелік құрамы ұйғарым шығарады.

6. Төрелік құрамы кез келген тарапқа сарапшыға сараптама жүргізу үшін қажетті материалдарды ұсынуды ұсынуға құқылы.

Егер тарап сарапшы қорытындысын жасауға қатысудан жалтарса немесе оны жүргізуге кедергі келтірсе (сарапшыға келмесе; сарапшыларға материалдарды және оларды қажетті зерттеуден өткізу мүмкіндігін ұсынбаса), төреші сарапшы қорытындысы тағайындалған фактіні дәлелденген немесе теріске шығарылған деп тануға құқылы.

7. Маманның қорытындысы кәсіби пікір ретінде қаралады және алдын ала белгіленген күші жоқ, даусыз дәлелдеме болып табылмайды.

 

31-бап. Тараптың қатысуынсыз істі қарау және құжаттарды ұсынбау

1. Тараптың немесе екі тараптың өтініші бойынша Төрелік құрамы өтініш білдірген тараптың (тараптардың) қатысуынсыз іс бойынша бар құжаттар мен өзге дәлелдемелер негізінде шешім шығаруға құқылы.

2. Төрелік талқылаудың уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген тараптың келмеуі, сондай-ақ құжаттар мен өзге материалдарды ұсынбауы, егер келмеу себептері белгісіз болса немесе Төрелік құрамымен құрметсіз деп танылса, істі қарауға кедергі келтірмейді.

3. Егер осы Регламентте немесе Төрелік құрамымен белгіленген мерзім ішінде және дәлелді себептер көрсетілмей жауапкер АҚТС туралы хабарламаға жауап немесе талапқа қарсылықтарын ұсынбаса, Төрелік құрамы мұндай ұсынбауды талап қоюшының мәлімдемелерін немесе талаптарын тану ретінде қарастырмай, талқылауды жалғастыру туралы қаулы шығарады; осы тармақтың ережелері талап қоюшының қарсы талапқа немесе есепке жатқызу туралы талапқа қарсылықтарын ұсынбауына да қолданылады.

 

32-бап. Тыңдауды кейінге қалдыру және талқылауды тоқтата тұру

1. Қажет болған жағдайда тараптардың бастамасы бойынша немесе Төрелік құрамының бастамасы бойынша істі қарау кейінге қалдырылуы немесе талқылау тоқтатыла тұруы мүмкін.

Істі қарауды 30 (отыз) күнтізбелік күннен астам мерзімге кейінге қалдыру немесе төрелік талқылауды тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарылады.

2. Отырысты кейінге қалдыру мынадай жағдайларда жол беріледі:

1) қарсы талап қою;

2) істі қарау үшін маңызы бар қосымша дәлелдемелерді ұсыну немесе сұрату қажеттігі;

3) қатысушылардың төрелік отырысқа келуіне кедергі келтіретін немесе оны мүмкін емес ететін күтпеген және төтенше мән-жайлардың туындауы;

4) айғақ беру үшін куәларды тарту қажеттігі;

5) сараптама тағайындау қажеттігі;

6) тараптардың дәлелді өтінішхаты бойынша.

 

33-бап. Іс бойынша тыңдауларды аяқтау

1. Тараптарда іс бойынша қосымша дәлелдемелер, мәлімдемелер немесе өтінішхаттар болмаған жағдайда, Төрелік құрамы іс бойынша тыңдаулардың аяқталғанын жариялайды.

2. Тыңдаулар аяқталғаны жарияланғаннан кейін және төрелік шешім түпкілікті нысанда шығарылғанға дейін Төрелік құрамы тараптардың кез келгенінің өтініші бойынша немесе өз бастамасы бойынша төрелік талқылауды жалғастыруы мүмкін.

3. Егер Төрелік құрамы мұны қажет деп тапса, дәлелді шешімді түпкілікті нысанда қабылдауды кейінге қалдыруға және тараптарды қосымша отырысқа шақыруға құқылы.

4. Мәлімдемелер мен толықтырулар болмаған жағдайда, Төрелік құрамы істі зерттеуді аяқталған деп жариялайды және жарыссөздерге көшеді.

5. Жарыссөздер іске қатысушы тұлғалардың және олардың өкілдерінің сөздерінен тұрады.

6. Жарыссөздерге қатысушылар өз сөздерінде Төрелік құрамы анықтамаған мән-жайларға, сондай-ақ отырыста зерттелмеген дәлелдемелерге сілтеме жасауға құқылы емес.

Алдымен талап қоюшы және оның өкілі, содан кейін жауапкер және оның өкілі сөз сөйлейді.

7. Барлық жарыссөз қатысушылары сөз сөйлеп болғаннан кейін, олар айтылған сөздерге байланысты реплика жасауға құқылы. Соңғы реплика құқығы әрқашан жауапкерге және оның өкіліне тиесілі.

8. Жеңілдетілген (жазбаша) іс жүргізу тәртібінде осы Регламенттің 23-бабының 7-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін және Төрелік құрамымен талап арызға жазбаша пікір, қосымша түсіндірмелер мен дәлелдемелер ұсыну үшін тікелей белгіленген өзге мерзімдер болмаған жағдайда, Төрелік құрамы істі қарауды аяқталған деп танып, іс материалдарында бар дәлелдемелер негізінде шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетеді.

 

34-бап. Іс бойынша отырыс хаттамасы

1. Егер тараптар төрелік келісімде хаттама жүргізуді тікелей көздемесе, Төрелік құрамының отырысының (іс бойынша отырыстың) хаттамасы жүргізілмейді.

2. Төрелік отырыстардың барысын тіркеу мақсатында Төрелік құрамы бір немесе барлық отырыстарда аудио немесе бейнежазба жүргізуге құқылы, бірақ міндетті емес. Бұл жазбалар төрелік іс материалдарының бір бөлігі болып табылады.

3. Егер төрелік келісімде хаттама жүргізу көзделген болса, төрелік отырыстың хаттамасы қағаз жеткізгіште жүргізіледі және істі қараудың барлық елеулі сәттерін көрсетуге тиіс.

Төрелік отырыстың хаттамасында мыналар көрсетіледі:

1) АҚТС отырысының жылы, айы, күні және орны;

2) АҚТС отырысының басталу және аяқталу уақыты;

3) АҚТС атауы, төрешілердің тегі мен аты-жөні, отырыс хатшысының деректері;

4) істің атауы;

5) іске қатысушы тұлғалардың, өкілдердің, куәлардың, сарапшылардың, мамандардың, аудармашылардың келуі туралы мәліметтер;

6) Төрелік құрамының өкімдері және АҚТС отырыс залында шығарылған ұйғарымдар;

7) іске қатысушы тұлғалардың және олардың өкілдерінің мәлімдемелері, өтінішхаттары мен түсіндірмелері;

8) куәлардың айғақтары, сарапшылардың өз қорытындылары бойынша ауызша түсіндірмелері, мамандардың түсініктемелері;

9) құжаттарды жария ету, заттай дәлелдемелерді қарау, дыбыс жазбаларын тыңдау, бейнежазбаларды, кино материалдарды қарау туралы мәліметтер;

10) шешім мен ұйғарымдардың мазмұнын жариялау және түсіндіру, оларды шағымдану тәртібі мен мерзімдерін түсіндіру туралы мәліметтер;

11) іске қатысушы тұлғаларға хаттамамен танысу және оған ескертулер беру құқықтарын түсіндіру туралы мәліметтер;

12) хаттаманы жасау күні.

4. Хаттаманы төрелік талқылау тараптарының келісімі бойынша немесе тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентіне сәйкес АҚТС тағайындайтын отырыс хатшысы жасайды.

5. Іске қатысушы тұлғалар және олардың өкілдері хаттаманың қандай да бір бөлігін жария ету, сондай-ақ іс үшін маңызды деп санайтын мән-жайлар туралы мәліметтерді хаттамаға енгізу туралы өтінішхат беруге құқылы.

6. Хаттама төрелік отырыс аяқталғаннан кейін 3 (үш) күнтізбелік күннен кешіктірілмей жасалып, қол қойылуға тиіс.

Күрделі істер бойынша АҚТС отырысының хаттамасын жасау және қол қою неғұрлым ұзақ мерзімде, бірақ отырыс аяқталғаннан кейін 5 (бес) күнтізбелік күннен кешіктірілмей жүзеге асырылуы мүмкін.

7. Хаттамаға төрағалық етуші және хатшы қол қояды. Барлық өзгерістер, түзетулер, толықтырулар хаттамада көрсетіліп, олардың қолдарымен куәландырылуға тиіс.

 

6-бөлім. Төрелік талқылауды тоқтату

35-бап. АҚТС шешімінің түпкіліктілігі және міндеттілігі

1. Төрелік талқылау түпкілікті төрелік шешім шығару арқылы тоқтатылады.

36-бап. Шешім қабылдау және оның мазмұны

1. Төрелік құрамы дауға байланысты барлық мән-жайлар жеткілікті түрде анықталды деп санағаннан кейін, ауызша тыңдаудың аяқталғанын жариялайды және шешім шығаруға кіріседі.

2. Шешім жабық кеңесуде Төрелік құрамының көпшілік даусымен қабылданады. Егер шешім көпшілік даусымен қабылдана алмаса, оны Төрелік құрамының төрағасы қабылдайды.

3. Шешім жазбаша нысанда баяндалып, төрелік құрамына кіретін Төрешілер қол қояды.

Қабылданған шешіммен келіспейтін төреші өзінің ерекше пікірін жазбаша түрде баяндайды, ол шешімге қоса тіркеледі.

4. Төрелік құрамының шешімі жазбаша нысанда баяндалады.

5. Төрелік құрамының шешімі мыналарды қамтуға тиіс:

а) шешім қабылданған күн және орын;

б) төрелік құрамына кіретін төрешілердің тегі мен аты;

в) тараптардың ресми толық атаулары, олардың өкілдерінің тегі, аты және лауазымы;

г) АҚТС құзыретінің негіздемесі;

д) даудың мәні, істі қарауға қатысқан тұлғалардың мәлімдемелері мен түсіндірмелері;

е) Төрелік құрамымен анықталған істің мән-жайлары;

ж) шешім қабылданған дәлелдемелер және уәждер;

з) шешім қабылдау кезінде Төрелік құрамы басшылыққа алған заңнама;

и) қарар бөлігі – талап қою талаптарын қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы қорытынды, талаптардың мәні бойынша шешім;

к) төрелік және істі қарауға байланысты өзге де шығыстар сомаларын тараптар арасында бөлу;

л) шешімді орындау мерзімі мен тәртібі.

 

37-бап. Шешімді жариялау

1. Шешім шығарылғаннан кейін оның қарар бөлігі тараптарға ауызша жарияланады, ал олар болмаған жағдайда жазбаша түрде хабарлануы мүмкін. Қарар бөлігі жарияланған кезде шешімнің дәлелді бөлігі түсіндірілмейді.

2. Төрелік құрамы белгілейтін, әдетте 15 (он бес) күнтізбелік күннен аспауға тиіс мерзім ішінде тараптарға дәлелді шешім жіберіледі.

3. Егер бұл дауды дұрыс шешу мүдделерінде қажет болса және шешімнің қарар бөлігі әлі жарияланбаған болса, Төрелік құрамы қосымша талқылау өткізе алады.

4. Қажет болған жағдайда АҚТС Төрағасы осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес белгіленген мерзімдерді ұзартуға құқылы.

 

38-бап. Шешімді түзету және түсіндіру

1. Егер тараптар өзге мерзімді келіспесе, төрелік шешімді алғаннан кейін 60 (алпыс) күнтізбелік күн ішінде:

1) кез келген тарап екінші тарапты хабардар ете отырып, шешімдегі есептеулердегі қателерді, жазбаша қателерді немесе өзге де ұқсас сипаттағы қателерді түзетуді сұрай алады;

2) кез келген тарап екінші тарапты хабардар ете отырып, қабылданған шешімнің қандай да бір нақты тармағына немесе бөлігіне түсіндірме беруді сұрай алады.

2. Егер Төрелік құрамы өтінішті негізді деп тапса, оны алғаннан кейін 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде тиісті түзетулер енгізуге немесе түсіндірме беруге тиіс.

Шығарылған төрелік шешімге берілген түсіндірме төрелік шешімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

Егер Төрелік құрамы талапты негізсіз деп тапса, тарапқа дәлелді бас тарту жіберіледі.

3. Төрелік құрамы төрелік шешім шығарылған күннен бастап 60 (алпыс) күнтізбелік күн ішінде тараптарды тиісінше хабардар ете отырып, осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген кез келген қателерді өз бастамасы бойынша түзете алады.

4. Егер тараптар өзгеше келіспесе, кез келген тарап екінші тарапты хабардар ете отырып, төрелік шешімді алғаннан кейін 60 (алпыс) күнтізбелік күн ішінде төрелік талқылау барысында мәлімделген, бірақ шешімде көрсетілмеген талаптарға қатысты қосымша шешім шығаруды сұрай алады.

5. Егер Төрелік құрамы өтінішті негізді деп тапса, оны алғаннан кейін 60 (алпыс) күнтізбелік күн ішінде қосымша төрелік шешім шығаруға тиіс. Егер талап негізсіз деп танылса, тарапқа дәлелді бас тарту жіберіледі.

6. Қажет болған жағдайда АҚТС Төрағасы осы баптың 1 немесе 4-тармақтарына сәйкес қателерді түзету, түсіндірме беру немесе қосымша төрелік шешім шығару үшін жоғарыда көрсетілген мерзімдерді 60 (алпыс) күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге ұзартуға құқылы.

 

39-бап. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтату және тоқтата тұру

1. Төрелік құрамы мынадай жағдайларда ұйғарым шығару арқылы іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады:

а) талап қоюшы өз талабынан бас тартса немесе талап арызын кері қайтарып алса, егер жауапкер дауды мәні бойынша шешуге заңды мүддесінің болуына байланысты төрелік талқылауды тоқтатуға қарсылық білдірмесе және Төрелік құрамы шешім шығаруды қажет деп таппаса;

б) тараптар төрелік талқылауды тоқтату туралы келісімге келсе;

в) Төрелік құрамы АҚТС-тың берілген дауды қарауға құзыретінің жоқтығы туралы ұйғарым шығарса;

г) төрелік келісімнің қатысушысы – төрелік талқылау тарабы болып табылатын заңды тұлға таратылса; жеке тұлға, оның ішінде жеке кәсіпкер, қайтыс болса, қайтыс болды деп жарияланса немесе хабар-ошарсыз кеткен деп танылса;

д) Төрелік құрамы қандай да бір себептер бойынша талқылауды жалғастырудың қажетсіз немесе мүмкін емес екенін тапса;

е) төрелік алым төленбесе немесе іс бойынша өзге шығыстар өтелмесе.

2. Тараптардың АҚТС-пен байланысын жоғалтуына немесе назар аударуға тұрарлық өзге де мән-жайларға байланысты Төрелік құрамы іс жүргізуді тоқтата тұруға немесе тоқтатуға құқылы.

3. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтату немесе тоқтата тұру туралы ұйғарымды Төрелік құрамы шығарады; егер Төрелік құрамы қалыптастырылмаса, ұйғарымды АҚТС Төрағасы немесе Төрағаның орынбасары шығарады.

 

40-бап. Іс бойынша іс жүргізуді қайта бастау

1. Төрелік құрамы тараптардың бітімгершілік келісім жасасуына байланысты, сондай-ақ өзге де мән-жайларға байланысты шешім шығарғаннан кейін тараптар бастапқы шешімді жоя отырып, тараптар келіскен шарттарда жаңа шешім шығару туралы немесе АҚТС шешімін жою туралы өтініш беруге құқылы.

Өтініш келіп түскеннен және оны қарау үшін төрелік алым төленгеннен кейін АҚТС Төрағасы немесе Төрағаның орынбасары іс жүргізуді қайта бастау туралы ұйғарым шығарады.

2. Қайта басталған талқылау барысында Төрелік құрамы тараптардың өтінішінде баяндалған негіздерді зерттейді, тараптарды тыңдайды және өтінішті қарау нәтижелері бойынша өз шешімін жоюға, тараптар келіскен шарттарда жаңа шешім шығаруға немесе өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдауға құқылы.

 

41-бап. Төрелік шешімге шағым жасау

1. Тараптар Төрелік құрамының шешіміне Қазақстан Республикасының құзыретті сотына осы шешімді жою туралы өтініш беру арқылы шағым жасай алады.

2. Төрелік шешім құзыретті сотпен тек мынадай жағдайларда жойылуы мүмкін, егер:

1) шешімді жою туралы өтініш білдірген тарап мынадай дәлелдемелер ұсынса:

а) төрелік келісімнің тараптарының бірі құзыретті сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған немесе төрелік келісім тараптар бағындырған заң бойынша, ал мұндай нұсқау болмаған жағдайда – Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жарамсыз болса;

б) ол төрелік талқылау туралы тиісінше хабардар етілмеген немесе құзыретті сот құрметті деп таныған өзге себептер бойынша өз түсіндірмелерін ұсына алмаған болса;

в) Төрелік құрамының шешімі төрелік келісімде көзделмеген немесе оның шарттарына жатпайтын дау бойынша шығарылған не төрелік келісім шегінен шығатын мәселелер бойынша қаулыларды қамтыса, сондай-ақ дау АҚТС-тың ведомстволық қарауына жатпаса.

Егер төрелік келісіммен қамтылатын мәселелер бойынша шешімдерді қамтитын бөлігі төрелік келісіммен қамтылмайтын мәселелер бойынша шешімдерден бөлінуі мүмкін болса, онда төрелік келісіммен қамтылмайтын мәселелер бойынша шешімдер қамтылған бөлігі ғана жойылуы мүмкін;

г) төрелік құрам немесе төрелік талқылау рәсімі тараптардың келісіміне және АҚТС регламентіне сәйкес келмесе;

д) сол тараптар арасындағы, сол нысана бойынша және сол негіздер бойынша дау бойынша заңды күшіне енген сот шешімі немесе төрелік шешім не талап қоюшының талаптан бас тартуына байланысты іс жүргізуді тоқтату туралы соттың немесе төреліктің ұйғарымы болса.

2) құзыретті сот:

а) төрелік шешім Қазақстан Республикасының жария тәртібіне қайшы келетінін;

б) төрелік шешім шығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төрелік талқылау нысанасы бола алмайтынын айқындаса.

3. Төрелік шешімді жою туралы өтініш оны алған күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн өткеннен кейін мәлімделуі мүмкін емес.

4. Құзыретті сот тараптардың бірінің өтініші бойынша төрелік шешімді жою туралы өтініш бойынша іс жүргізуді белгілі бір мерзімге тоқтата тұруға, төрелік талқылауды қайта бастауға немесе төрелік шешімді жою негіздерін жоюға мүмкіндік беретін өзге де шаралар қабылдауға құқылы.

5. Құзыретті сот төрелік шешімді жою мәселесі бойынша ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарым Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес шағым жасалуы немесе наразылық келтірілуі мүмкін.

6. Төрелік шешімді жою немесе атқарушылық парақ беруден бас тарту туралы өтінішті қарау кезінде сот төрелік шешімді мәні бойынша қайта қарауға құқылы емес.

 

7-бөлім. Төрелік сот шешімін орындау

42-бап. Төрелік сот шешімін орындау

1. Төрелік шешімдер тараптармен шешімде белгіленген мерзімде ерікті түрде орындалады. Егер шешімде орындау мерзімі көрсетілмесе, ол дереу орындалуға жатады.

2. Белгіленген мерзімде ерікті түрде орындалмаған шешімдер Қазақстан Республикасының қолданыстағы азаматтық процестік заңнамасына сәйкес орындатуға жіберіледі.

3. Төрелік шешімдерді мәжбүрлеп орындау шешімді мәжбүрлеп орындауға сот берген атқарушылық парақ негізінде, шешімді орындау сәтінде қолданыста болатын атқарушылық іс жүргізу қағидалары бойынша жүзеге асырылады.

 

43-бап. Төрелік шешімді танудан және (немесе) орындауға келтіруден бас тарту негіздері

1. Сот төрелік шешім қай елде шығарылғанына қарамастан, оны танудан және (немесе) орындауға келтіруден мынадай негіздер бойынша бас тартады, егер:

1) төрелік шешім шығарылған тарапқа қарсы тарап сотқа мынадай дәлелдемелер ұсынса:

а) төрелік келісім тараптар бағындырған мемлекеттің заңдары бойынша, ал мұндай нұсқау болмаған жағдайда – шешім шығарылған елдің заңы бойынша жарамсыз болса;

б) төрелік шешім төрелік келісімде көзделмеген немесе оның шарттарына жатпайтын дау бойынша шығарылған не төрелік келісім шегінен шығатын мәселелер бойынша қаулыларды қамтыса, сондай-ақ дау төреліктің ведомстволық қарауына жатпаса.

Егер төрелік келісіммен қамтылатын мәселелер бойынша шешімдер төрелік келісіммен қамтылмайтын мәселелер бойынша шешімдерден бөлінуі мүмкін болса, онда төрелік келісіммен қамтылатын бөлігіне қатысты атқарушылық парақ беруден бас тартылмайды;

в) төрелік келісімнің тараптарының бірі сотпен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп танылса;

г) шешім шығарылған тарап төрешіні тағайындау немесе төрелік талқылау туралы тиісінше хабардар етілмеген не сот құрметті деп таныған өзге себептер бойынша төрелікке өз түсіндірмелерін ұсына алмаған болса;

д) сол тараптар арасындағы, сол нысана бойынша және сол негіздер бойынша дау бойынша заңды күшіне енген сот шешімі немесе төрелік шешім не талап қоюшының талаптан бас тартуына байланысты іс жүргізуді тоқтату туралы соттың немесе төреліктің ұйғарымы болса;

е) төрелік құрам немесе төрелік талқылау рәсімі тараптардың келісіміне сәйкес келмесе немесе мұндай келісім болмаған жағдайда төрелік талқылау өткізілген елдің заңдарына сәйкес келмесе;

ж) шешім тараптар үшін міндетті күшіне енбесе немесе ол шығарылған елдің заңына сәйкес сотпен жойылса не оның орындалуы тоқтатыла тұрса;

2) сот осы төрелік шешімді тану және (немесе) орындауға келтіру Қазақстан Республикасының жария тәртібіне қайшы келетінін немесе төрелік шешім шығарылған дау осы Заңға сәйкес төрелік талқылау нысанасы бола алмайтынын анықтаса.

2. Сот төрелік шешімді тану және (немесе) орындауға келтіру мәселесі бойынша ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарым Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес шағым жасалуы немесе наразылық келтірілуі мүмкін.

 

44-бап. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындауға байланысты шығыстарды өндіріп алу

1. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындауға байланысты қосымша шығыстар көрсетілген шешімді ерікті түрде орындамаған тарапқа жүктеледі.

 

45-бап. Істерді Төрелік сотта сақтау

1. Төрелік шешімдерді іс материалдарымен бірге сақтау мерзімі осындай шешім қабылданған күннен бастап кемінде 3 (үш) жылды құрайды.

2. Қабылданған шешімдер мен іс материалдары АҚТС жауапты хатшысында немесе АҚТС Төрағасында сақталады.

 

8-бөлім. Қорытынды ережелер

46-бап. Төрелік шешімді жарамсыз деп тану

1. Ерекше жағдайларда АҚТС Төрағасы өз бастамасы бойынша төрелік шешімді заңдық күші жоқ және орындалуға жатпайды деп тану туралы қаулы қабылдауы мүмкін.

2. Осы қаулы қабылданған жағдайда Төраға өз ұйғарымымен іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға не дауды одан әрі қарау үшін жаңа Төрелік құрамды тағайындауға не тараптарға жаңа Төрелік құрамды қалыптастыруды тапсыруға құқылы.

Жоғарыға