Астана қаласының Төрелік сотыРегламентіне қосымша
ТӨРЕЛІК ШЫҒЫСТАР МЕН АЛЫМДАР ТУРАЛЫ ЕРЕЖЕ
1-бап. Терминдердің анықтамасы
1. «Тіркеу алымы» – төрелік талқылау басталғанға дейін туындайтын шығыстарды жабу мақсатында Астана қаласының Төрелік сотына (бұдан әрі – АҚТС) талап қою арызын беру кезінде төленетін алым.
2. «Төрелік алым» – АҚТС қарауына берілген әрбір талап бойынша алынатын, АҚТС қызметіне байланысты жалпы шығыстарды (атап айтқанда, төрешілердің гонорарларын, хатшылықтың сыйақысын, төрелік талқылауды ұйымдастыру шығыстарын және т.б.) жабуға арналған алым.
3. «Қосымша шығыстар» – нақты бір істі қарауға байланысты АҚТС көтеретін ерекше шығындар (атап айтқанда, жазбаша аударма шығындары, төрешілердің іссапар шығыстары және т.б.).
4. «Тараптардың шығындары» – АҚТС дауды қарау барысында өз мүдделерін қорғауға байланысты тараптар көтеретін шығындар (атап айтқанда, сараптама жүргізуге жұмсалған шығындар, сарапшылар мен аудармашыларға төленетін сыйақылар, куәлардың шығыстарын өтеу, олардың іссапар шығыстары және т.б.).
2-бап. Тіркеу алымы
1. Тіркеу алымы талап қою арызын бергенге дейін 100% (жүз пайыз) мөлшерінде аванстық төлем ретінде төленеді және 5 (бес) айлық есептік көрсеткішті (бұдан әрі – АЕК) құрайды, ҚҚС есепке алынбайды.
2. Төрелік іс жүргізу тәртібімен істерді қарау кезінде тіркеу алымы, егер бұл Қазақстан Республикасының қолданыстағы валюталық заңнамасына қайшы келмесе, талап қою арызы берілген күнге белгіленген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми бағамы бойынша АҚШ долларымен немесе Еуромен төленуі мүмкін.
Талапкердің өтініші бойынша, егер бұл Қазақстан Республикасының қолданыстағы валюталық заңнамасына қайшы келмесе, оған тіркеу алымын АҚШ долларынан немесе Еуродан өзге еркін айырбасталатын валютамен төлеуге рұқсат берілуі мүмкін.
3. Тіркеу алымы азайтылуға және (немесе) қайтарылуға жатпайды.
3-бап. Төрелік алым
1. Төрелік алым мүліктік және мүліктік емес сипаттағы талаптар бойынша талап қою бағасына және дау тараптарының мәртебесіне (жеке және/немесе заңды тұлғалар) қарай айқындалады және:
1.1. АҚТС-ның 1 (бір) төрешісі қатысқан жағдайда:
а) заңды тұлғалар арасындағы даулар бойынша мүліктік сипаттағы талаптар үшін:
- талап қою бағасы 2 000 000,00 (екі миллион) теңгеге дейін болған кезде – осы Ереженің 3-бабының 7-тармағы талаптарын ескере отырып, талап қою берілген сәтте Қазақстан Республикасының «Республикалық бюджет туралы» Заңымен тиісті жылға белгіленген 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш (АЕК);
- талап қою бағасы 2 000 000,00 (екі миллион) теңгеден жоғары 10 000 000,00 (он миллион) теңгеге дейін болған кезде – талап қою бағасының 2,5% (екі бүтін оннан бес пайызы);
- талап қою бағасы 10 000 000,00 (он миллион) теңгеден жоғары болған кезде – талап қою бағасының 2,0% (екі пайызы).
б) жеке тұлғалар арасындағы, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалар арасындағы мүліктік сипаттағы талаптар үшін:
- талап қою бағасы 1 750 000,00 (бір миллион жеті жүз елу мың) теңгеге дейін болған кезде – осы Ереженің 3-бабының 7-тармағы талаптарын ескере отырып, талап қою берілген сәтте Қазақстан Республикасының «Республикалық бюджет туралы» Заңымен белгіленген 10 (он) АЕК;
- талап қою бағасы 1 750 000,00 теңгеден жоғары 10 000 000,00 теңгеге дейін болған кезде – талап қою бағасының 2,0% (екі пайызы);
- талап қою бағасы 10 000 000,00 теңгеден жоғары болған кезде – талап қою бағасының 1,5% (бір бүтін оннан бес пайызы).
с) мүліктік емес сипаттағы талаптар үшін:
- мүліктік емес сипаттағы талаптар бойынша – осы Ереженің 3-бабының 5 және 7-тармақтары талаптарын ескере отырып, талап қою берілген сәтте Қазақстан Республикасының «Республикалық бюджет туралы» Заңымен белгіленген 5 (бес) АЕК.
1.2. АҚТС-ның 3 (үш) төрешісі қатысқан жағдайда:
а) заңды тұлғалар арасындағы даулар бойынша мүліктік сипаттағы талаптар үшін:
- талап қою бағасы 2 000 000,00 теңгеге дейін болған кезде – 45 (қырық бес) АЕК;
- талап қою бағасы 2 000 000,00 теңгеден жоғары 10 000 000,00 теңгеге дейін болған кезде – талап қою бағасының 7,5% (жеті бүтін оннан бес пайызы);
- талап қою бағасы 10 000 000,00 теңгеден жоғары болған кезде – талап қою бағасының 6,0% (алты пайызы).
б) жеке тұлғалар арасындағы, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалар арасындағы мүліктік сипаттағы талаптар үшін:
- талап қою бағасы 1 750 000,00 теңгеге дейін болған кезде – 30 (отыз) АЕК;
- талап қою бағасы 1 750 000,00 теңгеден жоғары 10 000 000,00 теңгеге дейін болған кезде – талап қою бағасының 6,0% (алты пайызы);
- талап қою бағасы 10 000 000,00 теңгеден жоғары болған кезде – талап қою бағасының 4,5% (төрт бүтін оннан бес пайызы).
с) мүліктік емес сипаттағы талаптар үшін:
- мүліктік емес сипаттағы талаптар бойынша – 15 (он бес) АЕК.
1.3. Бастапқы шешімнің күші жойылған жағдайда сол негіздер бойынша қайта қаралатын талаптар бойынша төрелік алым бастапқы қарау кезінде белгіленген алымның 30% (отыз пайызы) мөлшерінде төленеді.
1.4. Төреліктің ұйғарымы немесе шешімінің телнұсқаларын бергені үшін берілетін құжаттың әрбір бетіне өтініш берілген күні Қазақстан Республикасының «Республикалық бюджет туралы» Заңымен белгіленген АЕК-тің 50% мөлшерінде төрелік алым төленеді.
2. Төрелік іс жүргізу тәртібімен істерді қарау кезінде төрелік алым, егер бұл Қазақстан Республикасының қолданыстағы валюталық заңнамасына қайшы келмесе, талап қою берілген күнге белгіленген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми бағамы бойынша АҚШ долларымен немесе Еуромен төленуі мүмкін.
Талапкердің өтініші бойынша, егер бұл Қазақстан Республикасының қолданыстағы валюталық заңнамасына қайшы келмесе, төрелік алымды АҚШ долларынан немесе Еуродан өзге еркін айырбасталатын валютамен төлеуге рұқсат берілуі мүмкін.
3. Егер төрелік талқылауға қатысушы тараптардың бірі істі 3 (үш) төреші құрамында қарау туралы өтінішхат берсе, онда ол сот талқылауы басталғанға дейін тиісті мазмұндағы жазбаша өтінішхатты ұсынуға міндетті.
Осындай өтінішхатпен бірге осы Регламенттің 3-бабының 1.2-тармағына сәйкес жетіспейтін төрелік алым сомасының төленгенін растайтын құжат ұсынылуға тиіс.
Төрелік алымның жетіспейтін сомасының төленгенін растайтын құжаттың болмауы тиісті ұйғарым шығарыла отырып, өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуға негіз болады.
Мысал (осы Ереженің 3-бабының 3-тармағына түсіндірме):
Талапкер АҚТС-ға мүліктік сипаттағы талап арызбен жүгінді, онда талап қою бағасы 1 750 000,00 теңгеге дейін құрайды.
Талап арыз берілгенге дейін талапкер осы Ереженің 3-бабы 1.1-тармағының б) тармақшасына сәйкес 10 АЕК мөлшерінде төрелік алымды аванстық төлем ретінде төледі.
Көрсетілген төлем істі 1 (бір) төреші құрамында қарауға сәйкес келеді.
Сот отырысы барысында жауапкер тарапы істі 3 (үш) төреші құрамында қарау туралы жазбаша өтінішхат береді.
Осыған байланысты жауапкер өтінішхатқа жетіспейтін төрелік алым сомасының, яғни 20 АЕК-тің (10 АЕК + 20 АЕК = 30 АЕК) төленгенін растайтын құжатты қоса ұсынуға тиіс, бұл осы Ереженің 3-бабы 1.2-тармағының б) тармақшасына сәйкес келеді.
4. Талап қою талаптарының мөлшерін айқындау мүмкін болмаған жағдайда немесе талап арызда мүліктік және мүліктік емес сипаттағы талаптар біріктірілген жағдайда, төрелік алым мөлшерін АҚТС төрағасы төрелік талқылауға байланысты шығыстардың алдын ала бағасын ескере отырып белгілейді.
5. Шарттарды бұзу, оларды толық немесе ішінара жарамсыз деп тану, шартты орындауға мәжбүрлеу, мүлікке, оның ішінде кепілдегі мүлікке меншік құқығын белгілеу туралы талаптар немесе өзге де ұқсас талаптар қойылған кезде, төрелік алым мөлшері осы Ереженің 3-бабы 1-тармағында көрсетілген кесте негізінде шарттың (шарттардың) жалпы құнына немесе құқық белгілеу нысанасы болып табылатын мүліктің құнына қарай айқындалады.
6. АҚТС төрағасы Регламентте көзделген жағдайларда талапкерді төрелік алымды төлеуден толық немесе ішінара босатуға, сондай-ақ төрелік алымның толық немесе бір бөлігін төлеуді кейінге қалдыруға не бөліп төлеуге құқылы.
7. Істің күрделілігін, төрелік талқылауға байланысты уақыт шығындарының едәуір артуын және қосымша шығыстарды ескере отырып, АҚТС төрағасы төрелік алым мөлшерін ұлғайту туралы ұйғарым шығаруға құқылы.
4-бап. Төрелік алым мөлшерін азайту
1. Егер талапкер істі қабылдау туралы хабарлама жіберілгенге дейін талап арызын кері қайтарып алса, төрелік алым төленген төрелік алым сомасының 75% мөлшерінде қайтарылуға жатады.
2. Егер талапкер істі қабылдағаннан кейін, бірақ іс бойынша алғашқы тыңдау күніне дейін талап арызын кері қайтарып алса, атап айтқанда, тараптардың дауды бейбіт жолмен реттеуіне байланысты, сондай-ақ көрсетілген күнге дейін АҚТС-ға тараптардың АҚТС-да дауды қараудан бас тартуы туралы өтініші түскен өзге де жағдайларда, төрелік алым төленген төрелік алым сомасының 50% мөлшерінде қайтарылуға жатады.
3. Егер осы баптың 2-тармағында көрсетілген мән-жайларға байланысты іс жүргізу шешім шығарылмай бірінші отырыста тоқтатылса, төрелік алым төленген төрелік алым сомасының 25% мөлшерінде қайтарылуға жатады.
4. Төрелік алым төрелікте дауды шешуге байланысты шығыстар шегерілгеннен кейін мынадай жағдайларда қайтарылуға жатады:
1) сол тараптар арасындағы, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде қабылданған, заңды күшіне енген сот шешімі немесе төрелік шешім болған кезде;
2) төрелік талқылаудың тарабы болып табылатын заңды тұлға таратылған кезде;
3) төрелік талқылаудың тарабы болып табылатын жеке тұлға қайтыс болған, қайтыс болды деп жарияланған немесе хабар-ошарсыз кеткен деп танылған кезде.
5. Осы баптың 1–4-тармақтарында көзделген жағдайларда төрелік алымды азайту немесе қайтару іс жүргізуді тоқтату туралы шешімде немесе ұйғарымда көрсетілуге тиіс.
Төрелік құрамы қалыптастырылғанға дейін іс жүргізу тоқтатылған жағдайда, төрелік алымды азайту немесе қайтару туралы ұйғарымды АҚТС төрағасы қабылдайды.
6. Осы баптың 1–4-тармақтарының төрелік алымды азайту немесе қайтару туралы ережелері тіркеу алымына (осы Ереженің 2-бабы) қолданылмайды.
7. АҚТС-ға талап арызбен бір жыл ішінде қайта жүгінген жағдайда, төрелік алым мөлшері АҚТС төрағасының шешімі бойынша азайтылуы мүмкін.
8. Даудың мәні бойынша негізделген шешім шығару арқылы төрелік талқылау аяқталған жағдайда, төрелік алым қайтарылуға немесе азайтылуға жатпайды.
5-бап. Қарсы талап қою немесе есепке жатқызу туралы талап қойған кездегі төрелік алым
1. Қарсы талап қоюға және есепке жатқызу туралы мәлімделген талапқа бастапқы талап қоюға қолданылатын төрелік алым туралы сол ережелер қолданылады.
6-бап. Төрелік алымды тараптар арасында бөлу
1. Төрелікте дауды шешуге байланысты шығыстарды тараптар арасында бөлу тараптардың келісіміне сәйкес төрелікпен жүзеге асырылады, ал мұндай келісім болмаған жағдайда – қанағаттандырылған және қабылданбаған талаптарға пропорционалды түрде жүзеге асырылады.
2. Пайдасына төрелік шешім шығарылған тараптың өкілдің қызметтеріне ақы төлеуге байланысты шығыстары, сондай-ақ төрелік талқылауға байланысты өзге де шығыстар, егер жұмсалған шығыстарды өтеу туралы талап төрелік талқылау барысында мәлімделіп, төрелікпен қанағаттандырылған болса, төрелік шешімі бойынша екінші тарапқа жүктелуі мүмкін.
3. Төрелікте дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлу төреліктің шешімінде немесе ұйғарымында көрсетіледі.
4. Талапкер талап арыздан бас тартқан жағдайда, оның шеккен шығыстары жауапкер тарапынан өтелмейді.
7-бап. АҚТС-ның қосымша шығыстарын жабу
1. АҚТС тараптарға немесе олардың біріне төрелік талқылауды жүргізуге байланысты АҚТС-ның қосымша шығыстарын жабу үшін аванстық төлем енгізу міндетін жүктеуге құқылы.
2. Қосымша шығыстарды жабуға арналған аванстық төлемді, атап айтқанда, егер мұндай өтініш негізді деп танылса, АҚТС дауды қарау барысында қосымша шығыстарға әкеп соғуы мүмкін әрекеттерді жүзеге асыру қажеттілігі туралы өтініш жасаған тараптан талап етуі мүмкін.
АҚТС мұндай әрекеттердің орындалуын осы тараптың белгіленген мерзімде қосымша шығыстарды өтеуге арналған аванстық төлем енгізуіне тәуелді етіп қоюға құқылы.
3. Егер тарап таңдаған төреші АҚТС отырыстары өткізілетін жерден тыс жерде тұрақты тұрса және төрелік талқылауға қатысса, онда тиісті тарап оның төрелік талқылауға қатысуына байланысты шығыстарды (жол жүру, тұру және т.б.) төлеу үшін аванстық төлем енгізуге міндетті.
Егер мұндай тұлға төрелік құрамының төрағасы болып сайланған жағдайда, оның төрелік талқылауға қатысуына байланысты шығыстарды төлеуге арналған аванстық төлемді тараптардың әрқайсысы тең үлеспен енгізуге міндетті.
Жауапкер белгіленген мерзімде тиісті аванстық төлемді енгізбеген жағдайда, мұндай төлемді енгізу міндеті талапкерге жүктеледі.
4. Егер тараптардың бірінің өтініші бойынша істі қарау кезінде тараптардың түсіндірмелеріне, олардың өтініштері мен өзге де мәлімдемелеріне, сондай-ақ төрелік құрамының сұрақтарына, түсіндірмелері мен нұсқауларына аударма жүзеге асырылса, аудармаға байланысты шығыстарды көрсетілген тарап төлейді.
Егер тараптардың келісімі бойынша істі тыңдау орыс тілінен өзге тілде жүргізілсе, аудармаға байланысты ықтимал шығыстарды төлеу тараптардың әрқайсысына тең үлеспен жүктелуі мүмкін.
АҚТС тиісті тараптан немесе тараптардан осы шығыстарды төлеу үшін аванстық төлем енгізуді талап етуге құқылы.
Осы қағидалар АҚТС шешімдерін аударуға да қолданылады.
5. АҚТС-ның қосымша шығыстарын тараптар арасында бөлу осы Ереженің 6-бабының қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Осы баптың 4-тармағының бірінші абзацында көрсетілген шығыстар аудармашы қызметімен қамтамасыз ету туралы өтініш жасаған тарапқа жүктеледі.
8-бап. Төрелік шығыстар мен алымдар сомаларын төлеу тәртібі
1. АҚТС-ға тиесілі төрелік шығыстар мен алымдар сомалары АҚТС шотына есепке алынған күні төленген болып есептеледі.
2. АҚТС-ға төленетін төрелік шығыстар мен алымдар сомаларын банктік аударуға байланысты шығыстар тиісті төлемді жүзеге асыратын тарапқа жүктеледі.
9-бап. Тараптардың шығындары
1. Пайдасына шешім шығарылған тарап төрелік талқылауға байланысты өзі көтерген ақылға қонымды шығыстарды, атап айтқанда, заңды өкілдер арқылы өз мүдделерін қорғауға байланысты шығыстарды, қарсы тараптың өтеуіне жүктеуді талап етуге құқылы.
Мұндай шығыстар осы тарап нақты көтерген шығыстар мөлшерінде өтеледі, бірақ мүліктік талаптар бойынша қанағаттандырылған талап сомасының он пайызынан аспауға тиіс, ал мүліктік емес сипаттағы талаптар бойынша шығыстар ақылға қонымды шектерде өндіріп алынады, алайда олардың мөлшері үш жүз АЕК-тен аспауға тиіс.
10-бап. Төрелік шығыстар мен алымдарды өзгеше бөлу
1. Нақты істің мән-жайларын ескере отырып, АҚТС төрағасы осы Ереженің 6, 7 және 9-баптарында көзделген тәртіптен өзгеше, тараптар арасында төрелік алымды, АҚТС-ның қосымша шығыстарын және тараптардың шығындарын бөлуді белгілеуге құқылы.
Атап айтқанда, АҚТС төрағасы бір тараптың пайдасына екінші тараптан бірінші тараптың орынсыз немесе адал емес әрекеттерінен туындаған, оның ішінде төрелік талқылаудың негізсіз созылуына әкеп соққан әрекеттер нәтижесінде көтерілген артық шығыстарды өндіріп алуды белгілеуі мүмкін.
